Жұма, 6 желтоқсан 2019 ЖЫЛЫ
958 19-03-2019, 11:42

Әлеуметтік тұзақ: неліктен Қазақстан Швеция емес


Соңғы уақытта биліктен шығып жатқан теңдесі жоқ әлеуметтік бастамалар қазақстандық экономиканың келбетінде әлеуметтік деп аталатын мемлекеттің қырларын барынша көрсетуде. Алайда, егер біздің республикамыздағы әлеуметтік қорғау деңгейі мен әлеуметтік кепілдіктердің көлемін осындай табиғи байлықтары жоқ батыс еуропа елдерінің тұрғындарына ұсынылатын нәрселермен салыстырсақ, біз оларға анық ұтылып отырғанымыз айқын көрінеді.  

 

Бүкіл әлемде әлеуметтік дамудың ең табыстысы деп «швед моделі» танылды. Және оған бұл атақ әбден лайықты. Швеция жыл сайын өз азаматтарын әлеуметтік қорғауға ЖІӨ-нің шамамен 40 процентін жұмсайды. Бұған тегін орта және жоғары білім алу, іс жүзінде тегін медицина (елдің барлық азаматтары үшін олар 20 жасқа толғанға дейін тегін стоматологиялық көмек немесе емделу мен дәрі-дәрмек сатып алу шығындарын, олар бір жыл ішінде белгілі бір сомадан асып кеткен жағдайда, өтеу), сондай-ақ әртүрлі әлеуметтік жәрдемақылар кіреді. Бізге олардың деңгейі туралы тек армандауға болады. Мысалы, орташа жалақысы 3 мың еуро болған жағдайда алты баласы бар отбасына мемлекет ай сайын қолдау ретінде мың еуродан астам ақша төлейді (бұл «жеңілдіктердің» басқа түрлерін санамағанда). Бірақ ең қызықтысы – Швецияда, басқа бірқатар елдерде сияқты, халық нөлдік және тіпті теріс ставкамен несие ала алады. Ал минус 1,25 процент ставкамен берілген ипотека – шведтардың шынайы өміріндегі жағдай.

 

Әрине мұнда әбден орынды сұрақ пайда болады: ал біз мұндай дамыған социализм құра аламыз ба? Біздің экономикамы бұған мүмкіндік бере ме? Сарапшыларға сөз береміз.

 

Марк Гойхман, Талдау және қаржылық технологиялар орталығы «ТҚТО» ЖШҚ талдаушылар тобының жетекшісі:  

 

«Қазақстан әзірше әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дамыған Батыс елдеріне жақындай алмайды»

 

- Қазақстан, Ресей және бұрынғы Одақтың басқа да көптеген елдері бүгінде әлеуметтік саясатты белсенді жүзеге асыруда. Бірақ олардың экономикалары оларға шын мәнінде әлеуметтік мемлекет болуға мүмкіндік бере ме?

 

- Әлеуметтік саясаттың мүмкіндіктері, ең алдымен, экономиканың жағдайы мен серпініне байланысты. Кері әсері де орын алуда: адамдардың әл-ауқатының артуы төлемге қабілетті сұранысты арттырады, бұл дамыған нарықта өндіріс пен инвестициялардың өсуін ынталандырады. Бірақ Қазақстанды, Ресей сияқты, олардың жетілмегенділіктері және «аурулары» бар дамушы нарықтарға жатқызуға болады. Экономикалардың көбінесе шикізаттық бағыттылығы да ұқсас, бұл көп жағдайда олардың шикізат бағасының әлемдік конъюнктурасына тәуелділігін сақтайды.

 

- Басқа сөздермен айтқанда, біздің елдеріміз әлеуметтік кепілдіктер беру тұрғысынан Батысты қуып жететінін тіпті армандаудың да қажеті жоқ па?

 

- Әзірше біздің елдеріміз әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дамыған Батыс мемлекеттеріне жақындай алады деп айтуға болмайды. Мысалы, онда маңызды «опциялардың» бірі тұрғындарға қажет болған жағдайда елеулі дәрежеде артық төлемсіз материалдық игіліктерді сатып алуға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді және іс жүзінде процентсіз несиелер деп есептеуге болады. Атап өтетін одан да үлкен артықшылық – соңғы жылдары көптеген банктерде теріс мөлшерлемелер қолданылады, яғни олар өздерінің қарыз алушыларына қосымша ақша төлейді. Шынын айтқанда, ол несие алатын шығындарды төмендету үшін жасалып отырған нәрсе емес. Бұл Еуропа орталық банкі, Швейцария Банкі, Жапония банкі сияқты орталық банктердің саясатына байланысты жасалады. Олар экономиканы ынталандыру мақсатында өздерінің теріс ставкаларын белгілейді. Коммерциялық банктерге олардың қаражатының орталық банкіде болуы үшін төлеуге тура келеді. Ал коммерциялық банктерге өте көп төлем жасай отырып ақшаны Орталық банкте ұстағаннан гөрі, қосымша төлеммен, бірақ аз ставка бойынша несиеге ақша беру тиімдірек. Алайда, қалай да болмасын, бұл қатардағы қарыз алушы – жеке тұлғалар үшін елеулі әлеуметтік қолдау болып табылады.

Қазақстан мен Ресейде мұндай тәжірибе жасау мүмкін емес. Ол ең алдымен, екі елде де жыл сайын 5 проценттен асып кететін жоғары инфляцияға байланысты. Сондықтан қайта қаржыландыру мөлшерлемелері де жоғары болып отыр: Ресейдің Орталық банкінде – 7,75 процент, ҚР Ұлттық Банкінде – 9,25 процент. Бұл экономиканың салыстырмалы түрде әлсіздігінің көріністерінің бірі, бірақ ол банктерді жеке тұлғалар үшін кредиттер бойынша проценттерді олардың реттеушілердің ставкаларына қарағанда анағұрлым жоғары деңгейде ұстауға мәжбүр етеді.

 

Әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшеріне қатысты жағдай да осыған ұқсас болып отыр. Қазақстан мен Ресейде олар өздерінің жәрдем алушыларына лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайды, сондықтан көбінесе оны ең төмен қажетті деңгейде қолдап тұруға ғана жарайды.

 

Сапарбай Жұбаев, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы:

 

«Қазақстан – нарықтық экономикасы бар әлеуметтік мемлекет»

 

- Қазақстанды жалпыға ортақ әл-ауқат мемлекеті деп санауға бола ма?

 

- Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономикалық саясатты жүргізуде. Бұл шығыстардың негізгі бөлігі, республикалық және жергілікті бюджеттердің 50 процентіне дейін, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға бағытталғанын білдіреді. Әңгіме әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім беру туралы болып отыр.  

 

Әлеуметтік саланы мемлекет макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуіне қарай қолдайды және дамытады.  Мысалы, егер экономиканың өсуі жылына 4-5 процентті құраса, онда бюджет шығыстарын қалыптастырудың негізгі есептік көрсеткіштері (ең төменгі күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы, зейнетақының ең төменгі мөлшері және басқалары) инфляция деңгейіне түзетуді ескере отырып, жыл сайын 4-5 процентке ұлғаяды.  Сондықтан Қазақстан – нарықтық экономикасы бар әлеуметтік мемлекет деп батыл айтуға болады.

 

– Бірақ қазақстандықтардың көпшілігі осылай ойлауы екіталайолар мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясатқа өз наразылығын барған сайын қатты дауысты білдіруде. Оның үстіне Швеция сияқты басқа елдердің мысалдары да сіздің айтқаныңыздан әлдеқайда ерекше болып отыр. Ең төменгі зейнетақы мөлшері (бір күн де жұмыс істемегендер үшін) Швецияда 800 еуро, 16 жасқа толғанға дейінгі балаларға берілетін ай сайынғы жәрдемақыайына 114 еуро, ал көп балалы адамдарға қосымша төлем ақы қарастырылған – ай сайын 400 еуро.…

- Швециядағы сияқты әлеуметтік жәрдемақылар немесе тіпті жалақы төлеу үшін дәл сол Швециядағы сияқты еңбек өнімділігімен жұмыс істеу керек.  Әзірге бізде ол «шіріп бара жатқан» капиталистерге қарағанда 4-5 есе аз. Тіпті олардың сиырлары да біздің сиырларымызға салыстырғанда төрт есе көп сүт береді!

 

- Бірақ, ең болмағанда, біздің халық үшін қиын материалдық жағдайда ең танымал құралына айналған кредиттер бойынша проценттерді төмендетуіміз мүмкін бе?

 

- Кредиттер бойынша ставкалар инфляция көрсеткіштері мен елдің ішкі кірістілік нормалары ескеріле отырып белгіленеді. Ал бізде бұл көрсеткіштер проценттік ставкаларды төмендетуге мүмкіндік бере алмайды.

 

Ал Еуропаға келетін болсақ, онда жағдай басқаша болып отыр. 2008-2010 жылдардағы қаржы дағдарысынан кейін инфляция деңгейі Еуропада ешқандай өзгерістерсіз 0 процент деңгейінде өлшенеді. Бұл өте жақсы емес. Осылай болып жатқан нәрсені рецессия деп атайды. Және мұндай жағдайдағы экономикаға инвестиция салу ешкімге пайдалы емес.  Еуропа орталық банкінің басқарма төрағасы Марио Драги инфляцияны кем дегенде 2 процентке жеткізуге тырысады. Сонда несиелер де 3-5 процент ставкамен берілетін болады. Айтпақшы, бұған АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі қол жеткізді.

- Жақсы. Еуропаға теңдесуді қойып, өзіміз туралы сөйлесейік. Қазақстан өзіне қаншалықты әлеуметтік мемлекет болуға мүмкіндік беруге қабілетті? Еліміздің экономикасы мен жалпы тыныс-тіршілігінің одан әрі толыққанды дамуы тұрғысынан қауіпсіз әлеуметтік әл-ауқаттың «түбі» қайда?

 

- Әлеуметтік саясатта «түбі» деген ұғымы белгіленген күнкөріс минимумынан да аз қаражатқа өмір сүретін халықтың үлесімен анықталады. Бізде, статистикаға сәйкес, бұл көрсеткіш шамамен 10 процентті құрайды. Қазақстан үшін бұл көп. Дегенмен, бәрі салыстырылмалы түрде айқындалады. Бізбен көршілес бауырлас республикаларда бұл көрсеткіш 25-35 процентке жетеді.  Біздің мақсатымыз – бұл көрсеткішті 4-6 процентке дейін азайту. Мұндай деңгей Шығыс Еуропа елдеріне тән. Батыс Еуропада ол 2-3 проценттен аспайды. Айта кетерлігі, бұл еліміздің президенті алға қойған «Еуропаға жол» деп аталатын бағдарламасында белгіленген мақсаттардың бірі. Ол үшін сауатты маман-экономистердің дайындығын арттыру, сыбайлас жемқорлықты азайту және болашақ ұрпақ үшін арналған Ұлттық қордың қаражатын «жемей», қолда бар қаражатпен өмір сүруді үйрену қажет.

 

Расул Рысмамбетов, Financial Freedom қоғамдық қорының директоры:

 

«Қазақстан әлеуметтік мемлекетке айналуына мұнайдан түскен тіпті ең төменгі табыс та жеткілікті»

 

- Қазақстанға бірқатар еуропалық елдердің, мысалы, әлеуметтік мемлекеттің ең үздік үлгісі болып саналатын Швецияның тәжірибесін алып, өзіміздің азаматтарға неғұрлым кең әлеуметтік кепілдіктер мен қорғауды ұсынуға не кедергі келтіреді?

 

- Қазақстанның экономикасы шикізат экспортына өте қатты тәуелді болып отыр. Ал әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы бюджет шығыстарының жартысын құрайды. Алайда, бұл ретте, бірқатар бюджеттік оңтайландыруды жүзеге асырған жағдайда, Қазақстан әлеуметтік мемлекет бола алады. Мұнайдан түскен тіпті ең аз табыс та жеткілікті. Ең бастысы – мемлекет экономикадағы өз үлесін қысқартуы керек, ал босаған ақшаны адам капиталы мен әлеуметтік инфрақұрылымға белсенді түрде жұмсауы керек.

 

Біз, әрине, дәл Швецияда сияқты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алатын жәрдемақыны бірден төлей алмаймыз. Яғни, бізде елеулі әлеуметтік төлемдер бар, бірақ көбінесе оларды әкімшілендіруге қатысты, мысалы оны қалай табу керек, қалай таңдау қажет және адамға қанша төлеу керек деген мәселелер туындайды. Әлеуметтік саясат бізде бар деп ойлаймын, алайда, оған деген көзқарасты, мемлекет қызметінің басқа да салалары жөнінде сияқты, «асығыс жасалған» деген сөздермен сипаттауға болады.

 

- Яғни, Қазақстанның әлеуметтік мемлекетке айналуы әлі белгісіз мерзімге кейінге қалдырылып отыр ма?

 

- Біз біртіндеп соған бара жатырмыз деп ойлаймын. Кірістерді декларациялауды енгізу адамдарды мемлекет өміріне белсенді қатысуға тартуға тиіс, бұл олардың азаматтық белсенділігін сөзсіз көтереді. Келесі кезең – мемлекет шығыстарының ашықтығын жақсарту. Ал одан кейін әлеуметтік саясатқа аса ойластырылған көзқарас және тіпті ең кедей адамдардын минималды өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге қол жеткізуге болады.

 

Комментарии