Сейсенбі, 15 қазан 2019 ЖЫЛЫ
1365 15-03-2019, 13:02

Ресей мен Қытай: Қазақстанға қайсысының ықпалы күштірек?

«Қазақстанға біздің көршілеріміздің қайсысы өз әсерін көбірек тигізеді - Ресей ме әлде Қытай ма?» - деген тақырыптағы дискуссияны жалғастырамыз. Бүгін оқырмандардың назарына белгілі халықаралық сарапшы Айдар Әміребаевтың пікірін ұсынамыз.

- Орталық Азияда бірнеше ірі державалардың мүдделері бетпе-бет келіп қалды. Айдар Молдашұлы, бұл жағдайды бәсекелестік деп атауға бола ма? Егер солай болса, онда кімнің позициялары мықтырақ болып табылады?

- Иә, Қазақстан және тұтастай алғанда Орталық Азия қазіргі заманғы әлемдік саясат күшінің негізгі орталықтарының назарында болып отыр. Бірақ АҚШ үшін бұл өңір алыстығы мен инфрақұрылымның әлсіз дамуына себепті және институционалдық белгісіздікке байланысты сыртқы саясаттың басымдықтарына жатпайды. Қазақстанның Америка үшін қызықты болып отырған негізгі себебі – оның АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік Доктринасына сәйкес, америкалықтар белгілеген әлемдік тәртіпті өзгертуге ұмтылатын «ревизионер-елдер» болып табылатын басты қарсыластарының Ресей мен Қытайдың ықпалының орбитасында тұрғаны.

Ресей мен Қытайға келетін болсақ, олардың арасында ОА-ға қатысты шын мәнінде белгілі бір кернеу бар деген сезім қалыптасады. Бүгінгі таңда олар, ең алдымен, шекара маңындағы аймақтарда немесе дәстүрлі орын алатын аймақтарда белгілі бір түрде өзінің әсерін орнатып алуға ұмтылады.  

Ресей Орталық Азияны өзінің дәстүрлі және эксклюзивті ықпал ету аймағы тәрізді көреді, және оның мұндай ұстанымы осы елдердің айтарлықтай ұзақ уақыт бойы бір мемлекеттің шегінде – алдымен Ресей империясының, содан кейін КСРО-ның ішінде бірлесіп болуында негізделген. ОА мемлекеті өзінің өмір сүруімен бұрынғы метрополияның еркі мен қалауына міндетті деп саналады және осыған орай дамудың қандай да бір векторларын таңдауда РФ үстемдігін мойындауға міндетті деп есептеледі. Әлі күнге дейін Орталық Азияны өздерінің жекеменшік «артқы ауласы» ретінде қабылдайтын кейбір Кремль политехнологтарының логикасы осындай болып келеді.

2010 жылдан бастап Ресей, ақырында, посткеңестік кеңістіктегі бұрынғы әсерді қайтару ниетінде бекіген кезде, Еуразиялық интеграция жобасын жүзеге асыру арқылы «тізеден тұру» доктринасы белсенді іске асырылуда. Бұл идеяны Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы ММУ қабырғасында КСРО ыдырағаннан кейін құрылған жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасындағы шаруашылық-экономикалық байланыстарды сақтау жолымен оны «өркениетті ажырасу» құралы ретінде ұсынған болатын, ал Кремльдің стратегтары соны өздеріне көшіріп алған. Владимир Путин посткеңестік елдерге, соның ішінде Орталық Азия елдеріне Ресейдің әсер етуін қайтадан жанғырту мақсатында осы идеологиялық тұжырымдаманы пайдаланды.

Қазіргі уақытта ОА елдерінен ЕАЭО құрамына Қазақстан мен Қырғызстан кіреді. Бұл ретте мемлекеттер осы интеграциялық бірлестікке қатысуға әртүрлі қарайды. Егер, мысалы, Қазақстан одақтың тек экономикалық сипатын талап ететін болса, онда ресейлік истеблишмент ұлттықтан жоғары саяси институттарды, бірыңғай валюта мен еуразиялық парламентті құрумен терең ықпалдасу идеясын үнемі ұсынып отырады, бұл іс жүзінде ЕАЭО-ға кіретін мемлекеттердің тәуелсіздігін жоғалтуын білдіреді. Біздің аймақтың басқа елдеріне Ресей өз мүдделерін екі жақты ықпал ету форматтар арқылы жүзеге асырады. Мысалы, Өзбекстанның жаңа басшылығымен бірлесіп жүзеге асырылатын ауқымды экономикалық және гуманитарлық жобалар арқылы, сондай-ақ Тәжікстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатысуы және оның аумағында 201-ші дивизия тұлғасында Ресейдің шет елдердегі ең үлкен әскери базасын орналастыру арқылы жүзеге асырылады. Яғни, «көтермелеу және жазалау» деген ескі технологиялар орын алуда...

Сонымен қатар, Қытайдың қарқынды өсуі экономикалық реформаларының «әкесі» Дэн Сяопиннің 24 иероглифтерде ұсынған атақты: «Қатаң байқап отыру, ұстамды әрекет ету, нық тұру, өз мүмкіндіктерін жасыру және ешқашан көшбасшылықты өз мойнына алмау» –  деген дәстүрлі сыртқы саяси парадигманың шеңберінен шығу міндетін өзектендірді. Бүгінде оның сыртқы саясат доктринасы ревизияға ұшырады – енді ашықтық және жаһандық бәсекеге қабілеттілік, Қытайдың бұрынғы ұлылығын қайта жаңғырту, яғни әлемдік экономика мен саясатта өзінің лайықты орнын алу стратегияларын пайдалану қағидаты басым болды.  

Қытайтың сыртқы саяси мүдделерінің «өткір ұшы» ҚХР шығыс жағалауына және оңтүстік-шығыс Азияға көршілес елдерге бағытталғанымен, қазіргі уақытта әлемнің екінші экономикасының доктринасы сараланған сипатқа ие, және ол дербес жаһандық «ойыншы» болу мақсатын көздейді. Осы міндет шеңберінде ҚХР басшылығы 2013 жылы екі жаһандық бастаманы ұсынды: біріншісі – Еуропа бағытында еуразиялық континент арқылы батысқа қарай Жібек жолының экономикалық белдеуін құру; екіншісі – оңтүстік-шығыс және оңтүстік Азия елдерімен кең ауқымды ынтымақтастық орнату мақсатында «XXI ғасырдың теңіз Жібек жолы». Кейіннен осы бастамалар «Бір белдеу, бір жол» біріккен стратегиясы түрінде тұжырымдамалық формаға ие болды.

Қазір ОА аталған стратегияның континентальды бөлігін жүзеге асыру жолының авангардында тұр, ол мұнда РФ мүдделерімен және оның еуразиялық интеграцияның геосаяси жобасымен объективті түрде бетпе-бет келеді. ОА-дағы Қытай-Ресей бәсекелестігін қазіргі уақытта шартты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады. Біріншісі –1991 жылдан 2010 жылға дейін тараптардың әрқайсысы өзінің елдік және аймақтық ықпал ету стратегиясын әзірлеген кезең. Екіншісі – 2010 жылдан бастап 2013 жылға дейін Ресей Кедендік одақ шеңберінде саудаға жоғары тарифтерді енгізу арқылы Қытайды өңірлік нарықтан ығыстырып кеткен кезең. Үшіншісі – 2013 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыру жағдайындағы кезең.

- Әрбір кезең туралы толығырақ айтып беріңізші.

- Бірінші кезеңде Ресей мен Қытай Орталық Азияның жаңа тәуелсіз мемлекеттерінің модельдеріне және өңірлік өзара іс-қимыл ерекшеліктеріне бейімделуді жаңадан ғана бастаған. Атап айтқанда, ҚХР бірлескен сауданы арттыра отырып және өңірдің Қазақстан мен Түркіменстан сияқты елдерінің энергетикалық ресурстарының кен орындарын игеруге қатысуға мүмкіндіктерді іздестіре отырып, негізінен екіжақты ынтымақтастық форматын артық көрді. Сол кезде Қырғызстан ДСҰ-ның (Қырғыз Республикасы посткеңестік кеңістікте осы халықаралық ұйымның мүшесі болған алғашқылардың бірі) либералдық режимін пайдалана отырып, Қытай тауарларын сатуға арналған өзіндік ауыстырып тиеу пункті ретінде қарастырылды. «Кәрімов кезеңінде» Өзбекстан «сыртқы ықпал етуге жабық ел» болды. Тәжікстан уақыт өте келе Қытай инвестициясының белсенді реципиенттерінің бірі және Аспан асты елдің борышкері болды. Ал Ресей осы кезеңде ОА елдерімен қарым-қатынасты формальды кеңес беру режимінде – ТМД-да сақтай отырып, өңірдегі өзінің геостратегиялық мүдделерін әлсіз түрде білдірген болатын.  

Владимир Путиннің билікке келгенінен кейін посткеңестік кеңістік Ресей сыртқы саясатының басты нысаны болды. Оның қолға алған еуразиялық интеграция стратегиясы өз жемісін бере бастады. 2010 жылы құрылған Ресей, Беларусь және Қазақстан Кеден одағы өзге мақсаттардан басқа, Қытайдың өсіп келе жатқан ықпалына кедергі жасау міндетін де көздеді. Қырғызстанның бұл одаққа қосылуы одан да үлкен әсер берді, өйткені қырғыз көтерме нарықтары арқылы Қытай тауарларын кері экспорттау мүмкіндігі жабылды: өңір елдерінің ҚХР-мен сауда көлемі төмендеді. Ресейдің осы кезеңінде Қытайдың әсерін айтарлықтай шектей отырып, ОА-да өзінің эксклюзивті рөліне төтеп бере алды деп айтуға болады.

Алайда, 2013 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға жасаған сапары кезінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпинь Жібек жолының экономикалық белдеуін құрудың жаңа геостратегиялық бастамасын жариялады – айтарлықтай амбициялық, үлкен инвестиция көлемімен бекітілген. «Украиндық кейспен» айналысып жатқан Ресей (нәтижесінде Қырымның аумағы аннексияланды), Орталық Азиядағы «Қытайдың шабуылына» тойтарыс беруге дайын емес болып шықты. Ал «Қырым акциясының» салдарынан орын алған санкциялық режимы мен Ресейдің халықаралық оқшаулауы оны ҚХР геосаяси наразылықтарымен санасуға мәжбүр етті. Кремль сарапшылары Ресейдің «Шығысқа қарай» бұрылуы туралы жариялады…

Осы уақытта Қытай ОА елдерін көліктік-логистикалық, инвестициялық және индустриялық бағдарламаларға белсенді түрде тарта бастады, ол еуразиялық интеграцияның әлеуетін іс жүзінде жоққа шығарды. Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық үстемдігінің жаңа шынайылығын мойындау 2015 жылдың мамыр айында Ресей мен Қытай көшбасшыларының қолы қойылған ЕАЭО мен ЖЖЭБ-нің түйісуі туралы келісіммен декларацияланды. Шын мәнінде, «түйісу» өңірдегі екі ұлы державаның ықпал ету саласын бөліп алуын білдіреді. Бұл «жасырын» бөліп алу осылайша жүзеге асырылады: Ресей ықпал ету саласы әскери-саяси облыстарға және қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз етуге шоғырландырылады, ал Қытай өзара іс-қимыл мен экономикалық жобаларды ілгерілетуге бағытталған. Халықаралық санкциялар мен «сауда соғыстары» жағдайында екі державаның қарым-қатынасының ерекше, одақтастық сипаты бүгінге дейін статус-кво сақтап отыр, дегенмен, Ресей Қытайдың аймақтағы экономикалық үстемдігін «ревизияға» ұшыратуға әрекет етеді.  

Осыған қарамастан, ОА елдері Ресей мен Қытай қондырған форматтарды әлсіретуге бағытталған сыртқы саяси маневрдің өз стратегиясын әзірлеуге тырысады. Қазіргі уақытта ЕАЭО және Орталық Азиядағы «Бір белдеу, бір жол» деп аталатын екі жобаның да турбулентті және белгісіз жағдайын атап өтуге болады. 2018 жылы белгіленген өңір елдері арасындағы кооперациялық байланыстардың жаңа факторы (сөз Астанада ОА мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі туралы болып отыр), өздерінің ұлттық және жалпы өңірлік мүдделерін қорғай отырып, осы және басқа да халықаралық жобаларға өз бетінше қатыса алады деп үміттенуге мүмкіндік береді.

- Ресей Федерациясы мен ҚХР-ның Қазақстанның өзіне әсер ету дәрежесі қандай?

- Бүгінде Ресейдің Қазақстанға деген ықпалы екі ел басшылығының еркіне ғана емес, ішкі саяси және халықаралық конъюнктураның жағдайына да байланысты «жұмсақ» сипатқа ие. Қазақстан халықаралық ашықтық қағидатын ұстана отырып, тәуелсіздік жылдары бұрынғы метрополиядан тәуелсіз болуға мүмкіндік беретін және тіпті бірқатар стратегиялық мәселелер бойынша РФ-мен тең құқылы серіктестік жасауға мүмкіндік беретін халықаралық және аймақтық саясаттың дербес дискурсын қалыптастыра алды. Елдер түрлі халықаралық алаңдарда бір-біріне қолдау көрсетті және «нашар ойын кезінде» де «бірлікті көрсетеді»…

ҚР мен РФ өзара қарым-қатынасына достық және сенімді сипаттағы көшбасшылардың жеке байланыстары үлкен әсер етеді, бұл туралы олардың байланыс жиілігі де айтады. Сондай-ақ, екі мемлекет басшылары «коммунистік шинельден» өсіп шыққан және әлемге ортақ көзқарасқа ие. Алайда, белгілі бір жағдайларда, перспективада Ресей мен Қазақстанның өзара қарым-қатынасының қазіргі форматы мен мазмұны біздің елдеріміздің саяси элитасының келесі буыны ревизияға ұшыратуы мүмкін.

ҚХР-ның Қазақстанға деген ықпалы экономикалық мүдделердің ілгерілеуімен байланысты. Саяси сала экономикалық жобаларды қолдаудың өзіндік шарты болып табылады. Бұл ретте Қытайдың саяси мәдениетінің ерекшелігі жауды серіктестікке айналдыруға «жұмсақ ұмтылу», Аспан асты елі үшін маңызы бар қандай да бір жоба бойынша ымырасыздық пен ынтымақтастық атмосферасын құру болып табылады. Осы жерден Қытай саясатының лексиконында жиі «бірге даму», «бірге өркендеу», «жалпы әл-ауқаты», «мүдделер синергиясы» сияқты айналымдар бар. Бұл басқа тарапты диалогқа және ұсынылатын қызметке қатысуға тартуға мүмкіндік береді.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасын алатын болсақ. Бастапқыда Қытай тарапында өзінің тұжырымдамалық көзқарастары болған жоқ және ол ынтымақтастықтың белгілі бір моделін ұсынбады, ал серіктестерге осы жобада өз орнын табуды, қандай да бір алдын ала шарттарсыз өз мүдделері мен қатысу мүмкіндіктерін анықтауды ұсынды. Бұл ретте мысалы, американдық «Жаңа жібек жолы» бағдарламасымен салыстырғанда (онда демократияландыру, ашықтық, либералдық тәсілдер және т. б. талаптары қамтылған) ҚХР бастамасының сөзсіз артықшылығы болды. Яғни, «тартудың жұмсақ стратегиясы» Қытайға өзінің экономикалық ықпалының орбитасына көптеген елдерді «тартуға» мүмкіндік берді.

Алайда, Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің инфрақұрылымын экономикалық реформалау мен жаңғырту үшін қолайлы жағдайлар жасау үлкен капитал салуды, келісілген өңірлік және трансөңірлік экономикалық дәліздерді әзірлеуді талап ететінін атап өту қажет. Бүгінгі күні оған Қытай сияқты қарқынды дамып келе жатқан жаһандық экономикалық көшбасшылардың күш-жігері ғана жетеді. Сонымен қатар, бұл Қытай саяси философиясына дәстүрлі тән маневр мен ымыраның ерекше саяси өнерін талап етеді.

Осылайша, ҚХР-ның «экономикалық жолдауларға» ден қоюдың жеке стратегиясын әзірлеу кезінде біз саяси-экономикалық жобалауға қытайлық тәсілдің ерекшелігін анық танытуға, өзінің ұлттық мүдделерін қорғау үшін әлеуетті тәуекелдерді сезінуге тиіспіз. Бұл объективті дерек және ол екі тараптың мүдделеріне жауап беріп қана қоймай, әлемнің осы бөлігінің тұрақты дамуына да ықпал етеді.

- Ресей мен Қытайдың Қазақстанға әсері туралы қарапайым азаматтардың пікірін қалай сипаттап берер едіңіз?

- Ол халықтың әртүрлі топтарымен әртүрлі бағаланады. Осылайша, ресейлік ықпалға қатысты келесі қоғамдық стереотиптерді атауға болады:

  1. ҚР-ның орыс тілді халқының басым көпшілігі оны ең достас ел ретінде қарастыра отырып және біздің елдегі ресейлік БАҚ-тардың ақпараттық насихатының ықпалында бола отырып, Ресейге құрметпен қарайды. Бұл топ екі елдің одақтастық қатынастары контекстінде интернационализм туралы кеңестік және посткеңестік стереотиптерді басшылыққа алады. Қазақстанның егемендігі мен РФ-дан тәуелсіз ішкі және сыртқы саясаттың траекториясын, сондай-ақ экономикалық және мәдени бірегейлік стратегиясын қалыптастыруға ұмтылу бұл адамдардың сынын және қабылдамауын тудырады, өйткені олар өзінің қазіргі тұратын жеріне және «үлкен отанға» деген қос адалдықты сақтайды. Теріс көрініс ретінде Ресеймен қарым-қатынасты іс-жүзінде үзіп «дағдарыста жүргенде оны украин фашист-ұлтшылдары басып алған» Украина келтіріледі. Халықтың бұл тобы РФ-мен тығыз жақындасуды, тіпті одақтас мемлекетті құруға дейін жақтайды.
  2. Орыс тілді және либералды көзқарасы бар қазақ халқының бір бөлігі халықтардың өзін-өзі анықтау, дербес ішкі және сыртқы саясатты, өзінің экономикалық моделі мен ұлттық-мәдени бірегейлігін қалыптастыру құқығын көздейтін халықаралық нормалар негізінде көршілес мемлекеттер арасындағы жаңа тең құқықты қатынастарды құру қажет деп пайымдайды. Бұл топ үшін Қазақстан егемендігінің, оның аумақтық тұтастығының, мемлекеттілігінің, тілінің, ұлттық дәстүрлер мен өмір сүру нормаларының құндылығын абсолютті тану тән. РФ-ның ҚР-на қазіргі кездегі әсерін олар бір мәнді емес деп санайды, Ресейдің кез келген тәуелділік форматтарын қабылдамайды, интеграциялық бірлестіктер – ЕАЭО және ҰҚШҰ аясындағы екі елдің ынтымақтастығының нәтижелерін сыни бағалайды. Бұл адамдар Қазақстанда да демократияландыру шарты болуы мүмкін Ресейлік саяси режимді демократияландыруды қолдайды.
  3. Қазақ социумының консервативті бөлігі ресейлік әсерді ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде қабылдайды, бұрынғы метрополияның өзіндік өмір форматтарын еңгізуге, тәуелсіз мемлекеттілікті жоюға, қоғамды тұрақсыздандыруға және Қазақстан солтүстік пен шығыс аумақтарын басып алуға талпынысы ретінде қабылдайды. Кейбір ресейлік саясаткерлердің қазақ мемлекетінің дәрменсіздігі туралы мәлімдемелерін еліміздің егемендігіне қауіп төндіреді деп және моноэтностық мемлекетті қалыптастыру арқылы осы қатерге қарсы тұру қажет деп санайды.

4.Халықтың маргиналды бөлігі Ресейдің Қазақстанға әсері туралы мәселе бойынша тұрақты позицияға ие емес.

Қытайға қатысты мынадай типтік топтар бар:

  1. Китаефобияның тұрақты стереотиптері бар адамдар ҚХР-ның Қазақстанға әсерін біздің жерімізді басып алуға, Қазақ мемлекеттілігін жоюға, ел халқын қытайландыруға ұмтылу ретінде қарастырады. Бұл топ мұндай ынтымақтастықты ұлттық мүдделерді сатқыншылық ретінде есептей отырып, Қазақстандағы Қытай жобаларына аса сыни қарайды. Оған Қазақстанда Аспан асты елінің инвестициялық қызметін қабылдамауы тән – олар оны Отанын сататын шенеуніктерді «сатып алуға» ұмтылыс ретінде қабылдайды. Қазақтарға қатысты Қытайдың агрессивті саясатының мысалы ретінде СУАР-дағы «саяси қайта тәрбиелеу лагерлері» келтіріледі... Бұл топ ҚХР тарапынан кез келген іс-әрекеттерге өте сенімсіз.
  2. Бизнес-қауымдастық пен жастар Қытайды қазіргі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде қабылдайды. Онымен көршілікті олар бизнесті дамыту және лайықты білім алу үшін жақсы мүмкіндік ретінде қарастырады. Қытай кәсіпорындары мен инвестицияларының болуын олар екіжақты ынтымақтастықтың оң фактісі ретінде бағалайды. Экономикалық байланыстарды кеңейту Қазақстанның қарқынды даму факторы ретінде құпталады. Сонымен қатар, Қытай басқа ұлы державалардың – Ресей мен АҚШ-тың ықпалына қарсылас (тепе-теңдік орнатушы) ретінде қарастырылады.

3.Халықтың маргиналды бөлігі ҚХР-ның Қазақстанға ықпалы мәселесіне индифферентті қарайды.

- Ал сарапшылар қауымдастығында Қытайды қалай қабылдайды? Және қандай кеңестер береді?

- Сарапшылардың пікірінше Қытайдың Қазақстанға әсер етуін терең зерттеу керек, өйткені ол көп аспектілі және әртүрлі контексттер мен өзіндік тарихқа ие. Бұл ықпал олардың көзқарасы бойынша қатты бақылауда болуы және Қазақстанның функционалдық қуаты мен экономикалық әл-ауқатының күшеюіне ықпал ететін салаларда ғана қатысуы тиіс. Сарапшылар тең құқықты ынтымақтастық пен прагматикалық өзара іс-қимыл болуы тиіс дейді. Олар, әрине, ұлттық мүдделерді қорғау және екіжақты проблемаларды, мысалы, трансшекаралық су ресурстарын әділ бөлу, іске асырылатын бірлескен жобалардың экологиялық қауіпсіздігі, келісімшарттардың ашықтығы және инвестициялардың тиімділігі сияқты конструктивті шешу тұрғысынан әрекет етеді.

Комментарии