Сейсенбі, 22 қаңтар 2019 ЖЫЛЫ
85 7-01-2019, 10:28

Неліктен Қазақстанда құндылыққа жатпайтын заттарды бағалайды?


Cарапшылар соңғы уақытта қазақстандықтардың көпшілігінің әлеуметтік көңіл-күйін болашаққа бейімділіксіз, апатия, депрессия, фрустрация деген сөздермен сипаттайды. Және бұл жерде мәселе тек экономикалық дағдарыстар мен өмір сүру деңгейінің төмендеуінде ғана емес. Біздің қоғамның моральдық құлдырауы бар. Бұл үрдістің терең тамыры туралы біз тәуелсіз саясаткер Талғат Мамырайымовпен әңгімелесеміз. 

- Талғат Қиятбекұлы, бүгінде біздің қоғамымызбен болып жатқан құбылыстарға ғылыми тұрғыдан түсініктеме бар ма?

- Қазақстандағы көптеген әлеуметтік проблемалар жиі аномия деп аталатын құбылыспен негізделген. Бұл ұғымды ғылыми айналымға ең алғаш рет француз социологы Э. Дюркгейм енгізген болатын, ол бұрын болған құндылықтар мен нормалардың жаңа өмір салтына сәйкес келмеуіне байланысты ыдырау, жойылу дегенді білдіреді. Аномия сондай-ақ нормаға сәйкес келмейтін деп, яғни құндылық-нормативтік хаос немесе адамдардың тіршілік әрекетін моральдық реттеудің болмауы/әлсіреуі ретінде анықталады.

Ал аномия теориясын дамытқан американдық социолог Р. Мертон дағдарыс, әлеуметтік жүйелердің дисфункционалды қайшылықтары кезінде адамдар қажетті экзистенциалдық мақсаттарға тез арада қол жеткізу үшін заңсыз, адамгершілікке сәйкес келмейтін құралдарды көбірек пайдалана бастайтынын көрсетті. Басқа сөздермен айтқанда, ғалымның пікірінше, олардың қол жеткізу мақсаттары мен оның қолданылатын құралдары арасындағы диссонанс аномияның басты себебі болып табылады.

- Біздің жағдайда бұл диссонанс қалайша көрінеді?

- Бұған дейін сіздің басылымға берген сұхбатымда Қазақстанда әлі күнге дейін кеңес адамы жаңғырып отыратынын атап өткенмін, өйткені кеңес заманында болған әлеуметтік және саяси құндылықтар, нормалар мен институттар әрекет етуін жалғастыруда. Сонымен қатар біз Батыс елдерінен нарықтық экономиканың ережелері мен принциптерін көшіріп алуға тырысамыз. Оған қоса біздің қоғамда «Ұлы Дала», «Мәңгілік ел» дәстүрлі құндылықтары қайта жаңғыра бастады. Осының барлығы Қазақстанда кең таралған непотизм, неопатримониализм сияқты жағымсыз құбылыстар аясында және мен айтқандай, қалаулы мақсаттарға адалсыз, заңсыз жолдармен қол жеткізуге ұмтылу.

Әлбетте, мұндай диссонанс адамдардың өмірі мен ақыл-ойларына әсер ете алмайды – көпшілігі өздері үшін оңайлықпен келетін нәрселер кенеттен, бір сәтте қол жетімсіз болып қалғандай сезінеді. Шын мәнінде, біздің бүгінгі құндылықтарымыз бен нормаларымыз реттеушілік функцияларды орындамайды.

- Ал қазақстандық аномияның басты ерекшеліктері қандай?

- Мертонның тұжырымдамаларына сәйкес, аномия кезінде қазіргі адамдардың көпшілігі конформизмді таңдайды, яғни жалпы қоғаммен қабылданған ережелерге бағынады. Осы қағидаларға қарсылық білдіретін адамдар да аз емес, бірақ олар өздерінің әлсіздіктерін түсіне отырып, алкоголизмге, нашақорлыққа беріліп кетеді немесе өзіне-өзі қол жұмсайды. Сонымен қатар үшінші топ та бар, бірақ, біріншіден, олар өте аз, екіншіден, мұндай адамдардың ақыл-есі дұрыс емес деп есептеледі, өйткені олар «жалпы құндылықтар мен нормаларға» қарсы тұрады. Келісіңізші, қазіргі қазақстандық қоғам көбінесе осы сипаттамаға сәйкес келеді.

Әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері көрсеткендей, көптеген қазақстандықтар үшін өзін-өзі тану мен өзін-өзі дамыту маңызды құндылықтар болып табылмайды. Өз білімі мен дағдыларын арттыруға тырысудың не қажеті бар, егер қолданыстағы ойын ережелері кезінде олардан ешқандай пайда болмаса? Адамдар табысты мансап пен жақсы табыс көбінесе нағыз кәсіпқойларға емес, биліктегі адамдар тарапынан қолдауы бар адамдардың өолына түсетінін көреді. Олар өмірлік жетістіктерге қол жеткізу үшін, ең алдымен, бастықтарға, үлкен ағаларға адал болу және олардың тапсырмаларын көп ойланбай мүлтіксіз орындау қажет екеніне көз жеткізеді.

- Суицидке қатысты айтатын болсақ... Бүгін жиі «өзіне-өзі аномиялық қол жұмсау» деген сөз тіркесін естуге болады. Бұл нені білдіреді?

- Өздеріңіз білетіндей, халықтың жан басына шаққандағы өзіне-өзі қол жұмсау саны бойынша Қазақстан әлемдік көшбасшылардың қатарына сенімді түрде кіреді. Біздің кейбір «сарапшылар» қазіргі суицидттердің көбейіп кеткенін ауыр психикалық бұзылулармен және тіпті қатал климатпен түсіндіреді... Алайда, сол Дюркгейм аномияны осындай құбылыстардың негізгі себебі деп есептеді. Оның пікірінше, психикалық аурулар, сондай-ақ климаттық және географиялық жағдайлар елеулі әсер етпейді.

Соңғы кездегі жаңа зерттеулер, атап айтқанда, американдық нейробиолог Роберт Сапольскийдің зерттеу жұмыстары, кризистік, стресстік әлеуметтік контекст өмірден кетуге шешім қабылдау кезінде негізгі катализатор болып табылатынын растайды. Бұл мағынада өзін-өзі өлтіру – проблемаларға толы әлеуметтік шындыққа берілген жауап болып табылады. Айтпақшы, Дюркгейм аномия деп қоғамның индивидтің орындалмайтын армандары мен тілектерін тоқтата алмауын түсіндіреді. Оларды жүзеге асыру мүмкіндігінің жоқтығынан адамдар, әдетте, әртүрлі психологиялық, экзистенциалды ауытқуларға ұшырайды.

- Яғни, біздің аномияның басты құрамдас бөліктерінің біріөз қалауыңызды қанағаттандыруға қабілетсіздік болып табылама?

- Иә, әсіресе мақтануға мүмкіндік беретін тілектерінің орындалмауы. Назар аударыңызшы, адамдар айфондарды жаппай сатып алады, тіпті оларда толыққанды тамақтануға қаражат жетпесе де, айфондарды кредитке алады. Олар неге солай жасайтыны жөнінде сіз ойландыңызба? Өйткені, дәстүрлі қазақ қоғамында жоғары мәртебе бағаланады – адамдар оған барынша ұмтылады немесе «барлығы сияқты болуға» тырысады (адамқатарлы). Және бұл көбінесе драмалық салдарға әкеледі, себебі көпшілігі берілген деңгейге дейін жете алмайды.

Шартты түрде бұл феноменді «мәртебелер жарысы» деп атауға болады. Қазақтар салтанатты тойлар өткізу арқылы, қымбат көліктерді және сәнді киім-кешектерді сатып алу арқылы бір-бірінен асып кетуге тырысады. Соның нәтижесінде олар көп жағдайда ұзақ жылдарға созылатын несиелік тәуелділікке кіруге мәжбүр болады. Мұның бәрі қысқа ғана мерзімге «жұрттың барлығы сияқты» немесе «жұрттың бәрінен де артық» болу үшін жасалады. Мұндай жарыс көптеген тағдырларды талқандаған болатын, өйткені адамдардың кез-келгені оған төтеп бере алмайды... Басқаша сөзбен айтқанда, шын мәнінде құндылыққа жатпайтын нәрселер біздің қоғамымызда бәрінен де жоғары бағаланады және бұл айтарлықтай проблемаларға әкеліп соғады.

Немесе индустриялық-инновациялық даму стратегиясы сияқты мемлекеттік бағдарламаларды алсақ та болады. Онда жазылған міндеттердің басым бөлігі орындалмай жатқаны айдан анық. Жасырудың қажеті жоқ, дауыстап айтылған мәлімдемелерге қарамастан, осы бағдарламалардың біреуі де толығымен жүзеге асырылған емес. Біз қазірдің өзінде біздің елімізде бір нәрсенің декларация түрінде жарияланып, бірақ іс жүзінде мүлдем басқаша болатынына әбден үйреніп кеткенбіз. Осылайша екі параллельді әлемде өмір сүреміз: біреуі иллюзиялық жобалардан және ешқашан орындалмайтын уәделерден тұрады, ал басқасында адамдар іс жүзінде тек жан сақтауға мәжбүр. Және бұл, әрине, аномияның дамуы үшін қолайлы өріс болып табылады.

- Бірақ осы көптеген жобалардың, экономика мен мемлекеттік институттарды жаңғырту жөніндегі бағдарламалардың қай жері дұрыс емес? Әрине, олардың тиімсіздігінің себептерінде бір ортақ тамыры бар болар

- Біздің институционалдық реформалардың бастамашылары инклюзивті институттарды енгізу Қазақстанның барлық салаларын табысты жаңғыртуға алып келеді деп санайды. Ал сонымен қатар құндылықтардың өздері екінші кезекке жылжытылып қойылған. Бір жағынан, бұл ақталған көзқарас сияқты болып көрінеді. Демократияның толыққанды институттарын енгізу есебінен демократиялық транзиттің табыстылығын, атап айтқанда, Испания, Португалия, Моңғолия және басқа да бірқатар елдердің тәжірибелері растайды. Сонымен қатар біз Уругвай, Греция, Украина, Оңтүстік Корея, Аргентина, Бразилия мысалдарын білеміз – олар осы жолда әскери хунтаға, авторитаризмге бас тартылуы мүмкін екенін көрсетеді. Дегенмен, алысқа барудың да қажеті жоқҚазақстанда формальды демократиялық институттарды (парламент, партиялар және т.б.) енгізу бізді демократияға алып келген жоқ.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап біз барлығын реформалаумен айналыстық, бірақ әлі күнге дейін жоғары технологиялық нарықтық экономиканы да, тиімді мемлекет институттарын да, ашық қоғамды да жасай алған жоқпыз. Басты себептердің бірі – біз барлығын дұрыс емес жағынан бастадық. Осы уақыт ішінде біз алдымен экономиканы, содан кейін – саяси саланы дамыту қажет деген тезисті ұстандық. Екіншісінің біріншісіне байланысты екенін, жаңғырту теориясының негізін қалаушылардың бірі Сеймур Липсетт айтқан еді. Алайда экономист Д. Аджемоглу өзімен бірге жумыс істейтін авторларымен қосылып табыстың өсуі мен демократияландыру арасындағы себеп-салдарлық байланысты таба алмады. Демократияландырудың экономикалық өсуге ықпалына қатысты да олар осындай қорытынды алды.

Бірақ барлық елеулі ғалымдар экономикалық және саяси жаңғыртуды жеделдетудің, сондай-ақ оның баяулауының басты факторы болып мәдениет (оның ішінде нормалар, құндылықтар мен нанымдар) табылатынын түсінді. Қазіргі ғылымда «path dependence» («жолтабанның әсері») түсінігі де бар, кез келген елдің дамуы оның алдыңғы тарихи жолының сипатына, яғни құндылықтар мен нормалардың бэкграундына байланысты екенін білдіреді. Оның үстіне, мәдениет өте баяу өзгеріп отырады және мұны дәстүрлі Қазақстанның мысалында көруге болады.

Шынын айтқанда, бұны мойындаумен ғалымдар өте кешігіп қалды. Кейбір мамандардың пікірінше, мәдени факторларды зерттеу экономиканы бағыттайтын институттарды зерттеуден 10-20 жылға кешігіп, артта қалды.

- Бірақ тек жалғыз бір мәдениетпен ғана тоқ болмайсың... «Бізге тағы қандай нәрселерге назар аудару артық болмас еді

- Әлемдік тәжірибе сонымен қатар экономикалық табыстар заң алдында баршаның теңдігіне және құқықтың үстемдігіне тікелей байланысты екенін көрсетеді. Яғни ең басты құндылық адамдар болуы тиіс! Бізде адами капиталды дамытуға жеткілікті инвестициялар жасалатын болмаса, ештеңе де өзгермейді – біз бұрынғдай шикізат ресурстарын беймәлім және ауыртпалықсыз игеруді жалғастыра беретін боламыз.

Мұндай тәсілдің қажеттілігін дамыған Батыс елдерінің мысалы жақсы дәлелдейді. Олардың экономикалық табыстары ең алдымен адам тек құрал емес (бізде жиі болатындай), ол тіршілік әрекетінің басты құндылығына айналуымен байланысты. «Қажеттілік пирамидасын» жасаушы А. Маслоу айтқандай: «Егер адамдардың базалық физиологиялық мұқтаждықтары қанағаттандырылмаса, олардан өзін-өзі көрсету құндылығына бейілділікті күтудің қажеті жоқ».

Әлсіз сараланған экономика, дамымаған мәдени, саяси және ғылыми-білім беру жүйелері біздің қоғамда әлеуметтік мәртебелердің, рөлдердің және тиісінше құндылықтардың шектеулілігін туындатады. Елде орын алатын қарапайым адамның бейнесі КСРО-да қандай да бір саяси наразылықсыз бір өлшемді азаматты қалдыптастырудың қажетті құралы ретінде ресімделді. Біз кез-келген уақытта мемлекет біздің әрқайсымыздан бас бостандығынан бастап бәрін де тартып алады деген оймен өмір сүруге үйрендік. Қалай біз бұрыннан мемлекеттің «бекіністегі адамдары» болсақ – әлі де сондай болып қалудамыз.

- Ендеше, қорытындысын шағарайық

- Жоғарыда айтылғанның барлығы институттарды реформалаудан бас тарту керек дегенді білдрмейді. Институционалдық жаңғырту да тиісті мәдениеттің пайда болуына ықпал етеді. Өйткені нормалар мен құндылықтар өзара бір-біріне айналуы мүмкін. Осылайша, адамның санасымен игерілген интериоризацияланған (яғни сырттан ішке қарай ауысатын) норма құндылыққа айналады, ал экстериоризацияланған (сыртқа көрінген) бекітілген құндылық нормаға айналады.

Айта кету керек, демократияның негізгі институттарының толыққанды қызметін қолдау уақыт өте келе демократиялық құндылықтарды кең бұқара ортасында жаңғыртуға ықпал етуі мүмкін. Ағылшын саясаттанушы Кэрол Пейтман «қатыса отырып, қатысуға үйрен» ұранымен демократиялық саяси қатысу дағдыларын практикада игере алады деп есептейтін. Бірақ егер тиісті құндылықтардың дамуына қолдау көрсетілмейтін болса, онда мұндай практикалардың мағыналық аяқталуы жоқ..

 

Комментарии